Ең үздік оқыту әдістері
бір жерде

Заманауи тәсілдерді, дизайн сабақтарын ашыңыз және сыныбыңыз үшін ең жақсы тәжірибелерден шабыт алыңыз!

23

Заманауи әдістемелердің кітапханасы

Оқушылардың оқу нәтижелерін жақсарту және олардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи білім беру тәсілдері мен әдістемелерін зерттеңіз!

5E Instructional Model
5E оқыту моделі
Сыныптар: 1–11

Сабақ бес кезең бойынша құрылады: Engage – Explore – Explain – Elaborate – Evaluate, яғни қызығушылықты ояту, зерттеу, түсіндіру, тереңдету және бағалау.

STEM Education
STEM-білім беру
Сыныптар: 1–11

Ғылым, технология, инженерия және математиканы нақты практикалық мәселені шешу үшін біріктіретін оқыту тәсілі.

STEAM Education
STEAM-білім беру
Сыныптар: 1–11

STEM бағытын өнер, дизайн және шығармашылықпен біріктіретін оқыту тәсілі.

Station Rotation Model
Станциялар бойынша ауысу моделі
Сыныптар: 1–11

Оқушылар бірнеше оқу станциясында әртүрлі тапсырма орындап, белгілі уақыттан кейін келесі станцияға ауысады.

Content and Language Integrated Learning (CLIL)
Пән мен тілді кіріктіріп оқыту
Сыныптар: 3–11

Пәндік мазмұн мен шетел тілін бір уақытта меңгеруге бағытталған оқыту тәсілі.

Flipped Classroom
Төңкерілген сынып
Сыныптар: 5–11

Оқушылар теориямен сабаққа дейін танысады, ал сабақ уақыты практикалық жұмысқа жұмсалады.

Project-Based Learning (PjBL)
Жобалық оқыту
Сыныптар: 1–11

Оқушылар білімді нақты жоба немесе өнім жасау барысында меңгереді.

Problem-Based Learning (PBL)
Проблемалық оқыту
Сыныптар: 5–11

Оқу үдерісі нақты немесе модельденген мәселені шешуден басталады.

Inquiry-Based Learning (IBL)
Зерттеуге негізделген оқыту
Сыныптар: 3–11

Оқушылар сұрақ қою, болжам жасау және зерттеу жүргізу арқылы білім алады.

Blended Learning
Аралас оқыту
Сыныптар: 1–11

Дәстүрлі бетпе-бет оқыту мен цифрлық оқытуды бір жүйеге біріктіреді.

Collaborative Learning
Бірлескен оқыту
Сыныптар: 1–11

Оқушылар ортақ мақсатқа жету үшін құрылымдалған топтық жұмыста бірге білім алады.

Design Thinking
Дизайн-ойлау
Сыныптар: 3–11

Адамның қажеттілігін зерттеу, идея ұсыну, прототип жасау және оны сынау арқылы мәселе шешу тәсілі.

Universal Design for Learning (UDL)
Оқытудың әмбебап дизайны
Сыныптар: 1–11

Оқытуды әртүрлі қажеттілігі бар оқушыларға алдын ала қолжетімді етіп жобалау.

Interdisciplinary Learning
Пәнаралық оқыту
Сыныптар: 1–11

Бір тақырыпты немесе мәселені бірнеше пәннің білімі арқылы зерттеу.

Socratic Method
Сократтық әдіс
Сыныптар: 5–11

Мұғалім дайын жауап бермей, жүйелі сұрақтар арқылы оқушыны қорытындыға жетелейді.

Argumentation-Based Learning
Дәлелдеуге негізделген оқыту
Сыныптар: 5–11

Оқушылар өз пікірін дәлелдермен негіздеп, қорытынды жасауға үйренеді.

Model-Based Learning
Модельге негізделген оқыту
Сыныптар: 3–11

Күрделі құбылыстарды модель құру және зерттеу арқылы түсіну.

Peer Instruction
Бір-біріне түсіндіру арқылы оқыту
Сыныптар: 5–11

Оқушылар сұраққа жауап беріп, өз жауабын сыныптасымен талқылау арқылы білімін тереңдетеді.

Learning by Teaching
Үйрету арқылы оқу
Сыныптар: 5–11

Оқушы белгілі бір тақырыпты басқа оқушыларға түсіндіру арқылы өз білімін тереңдетеді.

Ашық сабақта қолданылған әдістер мен олардың тиімділігі

Рисунок01

Менің ашық сабағымның тақырыбы — Human Biology. Сабақтың негізгі мақсаты — оқушылардың адам ағзасының жүйелеріне қатысты пәндік сөздік қорын дамыту, мәтін мен бейнематериалдың негізгі ойын түсіну, автордың мақсатын анықтау және меңгерген ақпаратын ағылшын тілінде таныстыру.

Сабақтың негізгі құрылымы 5E оқыту моделіне негізделді. Сонымен қатар сабақ барысында Station Rotation және Interdisciplinary Learning, яғни пәнаралық оқыту элементтері қолданылды.

1. Engage — қызығушылықты ояту

Рисунок04

Сабақтың басында оқушыларға жүрек соғысы, тыныс алу және асқазан жұмысына байланысты дыбыстарды тыңдаттым. Оқушылар көздерін жұмып, қандай дыбыс естіп тұрғанын және оның қай мүшеден шығатынын анықтады. Бағыттаушы сұрақтарға жауап беру арқылы сабақтың тақырыбын өздері болжады.

Одан кейін оқушыларға жүрек, өкпе және асқазан бейнеленген пазл бөліктері таратылды. Олар пазлдың сәйкес бөлігін тауып, үш топқа бірікті. Осылайша топқа бөлу де сабақтың мазмұнымен тікелей байланыстырылды.

Бұл кезеңнің тиімділігі — оқушылардың назары бірден сабаққа аударылып, тақырыпқа деген қызығушылығы оянды. Олар жаңа тақырыпты дайын түрде қабылдамай, дыбыстар мен суреттер арқылы өздері анықтады. Сонымен қатар олардың алдыңғы білімі белсендірілді.

2. Explore — зерттеу

Рисунок06

Зерттеу кезеңінде оқушылар үш топта жұмыс істеді. Әр топ адам ағзасының бір жүйесін әртүрлі ресурс арқылы зерттеді.

Бірінші топ жүрек пен қанайналым жүйесі туралы ақпаратты планшет пен жасанды интеллект көмегімен іздеді. Олар берілген сұрақтарға жауап тауып, адамдарды жүрекке күтім жасауға шақыратын кеңестер дайындады.

Екінші топ тыныс алу жүйесіне қатысты мәтінді оқыды. Оқушылар мәтіннің негізгі ойын түсініп, сұрақтарға жауап берді және автордың мақсатын анықтады.

Үшінші топ ас қорыту жүйесі туралы бейнематериал көріп, ас қорыту үдерісінің қалай жүретінін зерттеді.

Бұл кезеңде мен оқушыларға дайын ақпаратты тікелей түсіндірген жоқпын. Мен бағыттаушы сұрақтар беріп, қажет болған жағдайда қолдау көрсеттім. Негізгі зерттеу жұмысын оқушылар өздері орындады.

Бұл кезеңнің тиімділігі — оқушылар мәтін, бейнематериал және жасанды интеллект сияқты әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеді. Олардың оқу, тыңдау, зерттеу, ақпаратты іріктеу және топта жұмыс істеу дағдылары қатар дамыды.

3. Explain — түсіндіру

Бұл кезеңде әр топ зерттеу нәтижесін сынып алдында таныстырды.

Бірінші топ жүрек пен қанайналым жүйесі туралы ақпарат беріп, жүрекке күтім жасау жөнінде кеңестер ұсынды. Осы арқылы олар persuade, яғни сендіру мақсатын көрсетті.

Екінші топ тыныс алу жүйесі туралы мәтіннің мазмұнын түсіндіріп, оның авторлық мақсатын анықтады.

Үшінші топ ас қорыту жүйесінің қызметін және ас қорыту үдерісін түсіндірді. Бұл топ inform, яғни ақпарат беру мақсатын көрсетті.

Бұл кезеңде әр топ зерттеу нәтижесін сынып алдында таныстырды.

Бірінші топ жүрек пен қанайналым жүйесі туралы ақпарат беріп, жүрекке күтім жасау жөнінде кеңестер ұсынды. Осы арқылы олар persuade, яғни сендіру мақсатын көрсетті.

Екінші топ тыныс алу жүйесі туралы мәтіннің мазмұнын түсіндіріп, оның авторлық мақсатын анықтады.

Үшінші топ ас қорыту жүйесінің қызметін және ас қорыту үдерісін түсіндірді. Бұл топ inform, яғни ақпарат беру мақсатын көрсетті.

4. Elaborate — білімді кеңейту және қолдану

Рисунок08

Бұл кезеңде оқушыларға алғашқы көмек көрсетуге байланысты өмірлік жағдаяттар ұсынылды. Олар берілген жағдайда адам ағзасында қандай өзгеріс болуы мүмкін екенін талқылады және қандай көмек көрсету керектігі туралы кеңес дайындады.

Оқушылар жауаптарында:

  • You should…
  • You shouldn’t…

құрылымдарын қолданды.

Мысалы, оқушылар зардап шеккен адамға не істеу керектігін, қандай әрекеттен бас тарту қажеттігін және бұл жағдайдың адам ағзасының қай жүйесімен байланысты екенін түсіндірді.

Бұл кезеңнің тиімділігі — оқушылар зерттеу барысында алған білімдерін жаңа, өмірмен байланысты жағдаятта қолданды. Тапсырма олардың сыни ойлау, мәселені шешу, шешім қабылдау және ағылшын тілінде кеңес беру дағдыларын дамытты.

5. Evaluate — бағалау

Рисунок101

Сабақтың соңында One Minute Talk әдісін қолдандым. Оқушылар бір минут ішінде сабақтан:

  • үйренген бір жаңа сөзін;
  • бір дене жүйесін;
  • бір маңызды идеясын айтты.

Сонымен қатар сабақтың әр кезеңінде нақты бағалау критерийлері мен дескрипторлар арқылы қалыптастырушы бағалау жүргізілді. Оқушылардың мәтін мен бейнематериалдың негізгі ойын түсінуі, автордың мақсатын анықтауы, пәндік сөздерді дұрыс қолдануы, ақпаратты таныстыруы және топтық жұмысқа қатысуы бағаланды.

Бұл кезеңнің тиімділігі — қысқа уақыт ішінде әр оқушының сабақты қаншалықты меңгергенін анықтауға мүмкіндік берді. Оқушылар өздерінің не үйренгені туралы ойланып, сабақ нәтижесіне рефлексия жасады.

Station Rotation элементтері

Сабақта Station Rotation моделінің элементтері де көрініс тапты. Оқушылар үш топқа бөлініп, әртүрлі мазмұнмен және әртүрлі оқу ресурстарымен жұмыс істеді:

  • AI станциясы — жүрек пен қанайналым жүйесін зерттеу;
  • мәтін станциясы — тыныс алу жүйесі туралы мәтінді оқу;
  • бейне станциясы — ас қорыту жүйесі туралы бейнематериалды көру.

Әр топ өз тапсырмасын орындап болғаннан кейін, зерттеу нәтижесін басқа топтарға таныстырды. Осылайша оқушылар әртүрлі ресурстар арқылы алынған ақпаратпен өзара алмасты.

Бұл тәсілдің тиімділігі — бір сабақта оқудың бірнеше формасы қамтылды. Бір топ мәтінмен, екінші топ бейнематериалмен, үшінші топ цифрлық құралмен жұмыс істеді. Бұл оқушылардың ерекшеліктерін ескеруге, тапсырмаларды саралауға және олардың дербестігін арттыруға мүмкіндік берді.

Оқушылар станциялар арасында кезекпен ауыспағандықтан, бұл сабақта толық Station Rotation моделі емес, Station Rotation моделінің элементтері қолданылды деп айтқан дұрыс.

Interdisciplinary Learning — пәнаралық оқыту

Сабақта пәнаралық байланыс та жүзеге асты. Ағылшын тілі биология, алғашқы көмек және цифрлық сауаттылықпен біріктірілді.

Оқушылар:

  • адам ағзасының жүйелері туралы биологиялық ақпарат алды;
  • осы ақпаратты ағылшын тілінде оқып, тыңдап және талдады;
  • пәндік терминдерді ағылшын тілінде қолданды;
  • алғашқы көмекке байланысты өмірлік жағдаяттарды шешті;
  • жасанды интеллект арқылы ақпарат іздеп, цифрлық сауаттылығын дамытты.

Пәнаралық оқытудың тиімділігі — ағылшын тілі тек грамматика мен сөздерді меңгеретін пән ретінде емес, нақты пәндік ақпаратты зерттеу және жеткізу құралы ретінде қолданылды. Оқушылар бір уақытта тілдік білімін, биологиялық сауаттылығын, зерттеу қабілетін және цифрлық дағдыларын дамытты.

Жалпы қорытынды

Жалпы алғанда, сабақтың негізгі құрылымы 5E моделіне негізделді. Оның әр кезеңі сабақ мақсатына жетуге бағытталды: алдымен оқушылардың қызығушылығы оянды, кейін олар ақпаратты өздігінен зерттеді, зерттеу нәтижесін түсіндірді, білімін өмірлік жағдайда қолданды және соңында өз оқу нәтижесін бағалады.

Station Rotation элементтері оқушыларға әртүрлі ресурстармен жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, пәнаралық оқыту ағылшын тілін биологиямен, алғашқы көмекпен және цифрлық технологиялармен байланыстырды.

Осы әдістерді бірге қолданудың нәтижесінде оқушылар:

  • сабаққа белсенді қатысты;
  • ақпаратты өздігінен зерттеді;
  • мәтін және бейнематериалдың негізгі ойын түсінді;
  • автордың мақсатын анықтады;
  • пәндік сөздерді ағылшын тілінде қолданды;
  • топта жұмыс істеп, ақпаратты таныстырды;
  • алған білімін өмірлік жағдайда пайдаланды;
  • сыни ойлау және цифрлық сауаттылық дағдыларын дамытты.

Менің ойымша, қолданылған модельдер мен әдістердің басты тиімділігі — сабақтың мұғалім ақпарат беретін сабақтан оқушы зерттейтін, талдайтын, түсіндіретін және білімін практикада қолданатын белсенді сабаққа айналуында.

Сабақтың үлгі жоспары

5E Instructional Model

Алдымен мұғалім оқушының тақырыпқа қызығушылығын оятады. Одан кейін оқушылар мәселені немесе құбылысты өздері зерттейді. Зерттеу нәтижесінде жаңа білім түсіндіріледі, басқа жағдайда қолданылады және соңында оқу нәтижесі бағаланады.

Қарапайым мысал:
Мұғалім мұздың еруін көрсетеді → оқушылар оның себебін болжайды → бақылау немесе тәжірибе жүргізеді → құбылысты түсіндіреді → білімін басқа мысалда қолданады → қысқа қорытынды тапсырма орындайды.

Пәндер: Биология · Химия · Физика · География · Математика · Жаратылыстану
Сыныптар: 1–11
Формат: толық сабақ / бірнеше сабақ
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Зерттеу · Түсіну · Белсенді оқу

STEM Education

Оқушылар пәндерді бір-бірінен бөлек емес, өзара байланысты түрде қолданады. Олар мәселені зерттейді, есептейді, жобалайды, модель немесе өнім жасайды және оның жұмысын тексереді.

Қарапайым мысал:
Оқушылар шектеулі материалдардан көп салмақ көтеретін көпір құрастырады. Оның өлшемдерін есептеп, конструкциясын жасап, беріктігін тәжірибе арқылы тексереді.

Пәндер: Математика · Физика · Химия · Биология · Информатика · Технология · Робототехника
Сыныптар: 1–11
Формат: сабақ / жоба
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Инженерлік ойлау · Мәселе шешу · Пәнаралық байланыс

STEAM Education

Оқушылар ғылыми және техникалық білімді пайдаланып қана қоймай, өнімнің дизайнын, қолайлылығын және шығармашылық жағын да ойластырады.

Қарапайым мысал:
Энергияны аз пайдаланатын экологиялық үйдің моделін жасау: өлшемдерін есептеу, материал таңдау және сыртқы дизайнын әзірлеу.

Пәндер: Математика · Физика · Химия · Биология · Информатика · Технология · Өнер · Дизайн
Сыныптар: 1–11
Формат: сабақ / жоба
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Шығармашылық · Инженерлік ойлау · Пәнаралық байланыс

Station Rotation Model

Сынып бірнеше топқа бөлінеді. Әр станцияда жұмыс түрі өзгеше болады: мұғаліммен жұмыс, цифрлық тапсырма, топтық жұмыс, тәжірибе немесе жеке тапсырма.

Қарапайым мысал:
1-станция: мұғаліммен жұмыс.
2-станция: планшеттегі тапсырма.
3-станция: топтық жұмыс.
4-станция: жеке тапсырма.

10–15 минуттан кейін топтар орындарын ауыстырады.

Пәндер: Барлық пәндер
Сыныптар: 1–11
Формат: толық сабақ
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Саралау · Белсенділік · Дербес оқу

Content and Language Integrated Learning (CLIL)

Шетел тілі тек оқу пәні емес, басқа пәнді меңгерудің құралы ретінде пайдаланылады. Мұғалім сабақта пәндік және тілдік мақсаттарды қатар жоспарлайды.

Қарапайым мысал:
Биология сабағында оқушылар ағылшын тілінде жасушаның құрылысын зерттейді, негізгі терминдерді үйренеді және органоидтардың қызметін ағылшын тілінде түсіндіреді.

Пәндер: Ағылшын тілі + Биология · Химия · Физика · География · Тарих · Математика · Информатика
Сыныптар: 3–11
Формат: сабақ / тұрақты оқыту моделі
Күрделілік: Жоғары
Мақсаты: Пәндік білім · Шетел тілі · Академиялық коммуникация

Flipped Classroom

Оқушы үйде қысқа бейне, мәтін немесе презентация арқылы жаңа материалмен танысады. Сыныпта мұғалім уақытын ұзақ түсіндіруге емес, есептерге, тәжірибеге, талқылауға және жеке көмекке пайдаланады.

Қарапайым мысал:
Үйде Ньютон заңы туралы 7 минуттық бейнені көру. Сабақта тәжірибе жүргізіп, практикалық есептер шығару.

Пәндер: Барлық пәндер
Сыныптар: 5–11
Формат: сабақты ұйымдастыру моделі
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Практика · Дербес оқу · Белсенді оқу

Project-Based Learning (PjBL)

Жұмыс бірнеше сабақ немесе апта бойы жалғасуы мүмкін. Оқушылар ақпарат жинайды, міндеттерді бөледі, зерттеу жүргізеді және соңында нақты өнім ұсынады.

Қарапайым мысал:
Өз қаласындағы тарихи орындардың фотосуреттері, сипаттамасы және QR-кодтары бар интерактивті картасын жасау.

Пәндер: Барлық пәндер
Сыныптар: 1–11
Формат: бірнеше сабақ / ұзақ мерзімді жоба
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Жобалық жұмыс · Ынтымақтастық · Шығармашылық

Problem-Based Learning (PBL)

Мұғалім дайын шешімі жоқ мәселе ұсынады. Оқушылар не білетінін, қандай ақпарат жетіспейтінін анықтап, зерттеу жүргізеді және дәлелді шешім ұсынады.

Қарапайым мысал:
«Мектеп суды тым көп пайдаланады. Су шығынын 20%-ға қалай азайтуға болады?» Оқушылар деректер жинап, есеп жүргізіп, шешім ұсынады.

Пәндер: Математика · Физика · Химия · Биология · География · Тарих · Информатика · Экономика
Формат: сабақ / бірнеше сабақ
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Мәселе шешу · Сыни ойлау · Зерттеу

Inquiry-Based Learning (IBL)

Мұғалім дайын жауапты бірден бермейді. Оқушылар сұрақ қояды, гипотеза ұсынады, ақпарат жинайды немесе тәжірибе жүргізеді және дәлелдер негізінде қорытынды жасайды.

Қарапайым мысал:
«Жарық мөлшері өсімдіктің өсуіне әсер ете ме?» Оқушылар болжам жасап, тәжірибе жүргізіп, нәтижелерді салыстырады.

Пәндер: Биология · Химия · Физика · География · Математика · Тарих · Информатика
Формат: сабақ / бірнеше сабақ
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Зерттеу · Ғылыми ойлау · Дербестік

Blended Learning

Онлайн және офлайн жұмыс бір-бірін толықтырады. Цифрлық құралдар жеке жаттығу, материал меңгеру, бағалау немесе кері байланыс үшін пайдаланылады.

Қарапайым мысал:
Мұғалімнің түсіндіруі → онлайн жаттығу → жұптық жұмыс → цифрлық шағын тест → қателерді талқылау.

Пәндер: Барлық пәндер
Формат: сабақ / тұрақты модель
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Дербестендіру · Цифрлық оқу · Икемділік

Collaborative Learning

Бұл жай ғана топқа бөлу емес. Әр оқушының міндеті мен жауапкершілігі болады, ал жалпы нәтиже барлық қатысушының жұмысына байланысты.

Қарапайым мысал:
Төрт оқушы тарихи оқиғаның саяси, экономикалық, әлеуметтік және халықаралық себептерін бөлек зерттеп, кейін ортақ қорытынды жасайды.

Пәндер: Барлық пәндер
Формат: 10–45 минут / жоба
Күрделілік: Жеңіл
Мақсаты: Ынтымақтастық · Коммуникация · Өзара оқыту

Design Thinking

Оқушылар алдымен мәселені және пайдаланушының қажеттілігін зерттейді. Бірнеше идея ұсынады, ең тиімдісін таңдайды, прототип жасап, оны сынақтан өткізеді және жетілдіреді.

Қарапайым мысал:
Бастауыш сынып оқушысына ыңғайлы оқу орнын жобалау.

Пәндер: Технология · Информатика · Өнер · STEAM · Кәсіпкерлік
Формат: бірнеше сабақ / жоба
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Шығармашылық · Инновация · Мәселе шешу

Universal Design for Learning (UDL)

Мұғалім ақпаратты қабылдаудың, сабаққа қатысудың және нәтижені көрсетудің бірнеше жолын ұсынады.

Қарапайым мысал:
Тақырып мәтін, сызба және бейне түрінде беріледі. Оқушы нәтижесін эссе, ауызша жауап немесе презентация арқылы көрсете алады.

Пәндер: Барлық пәндер
Формат: сабақты жобалаудың тұрақты қағидасы
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Инклюзия · Қолжетімділік · Саралау

Interdisciplinary Learning

Оқушы нақты өмірдегі күрделі мәселелердің бір ғана пәнмен шектелмейтінін түсінеді және бірнеше пәннің білімін біріктіреді.

Қарапайым мысал:
Климаттың өзгеруі: физика — энергияны, химия — парниктік газдарды, география — аймақтық өзгерістерді, экономика — экономикалық салдарды зерттейді.

Пәндер: Барлық пәндер
Формат: сабақ / модуль / жоба
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Пәнаралық байланыс · Тұтас түсінік

Socratic Method

Сұрақтар оқушының пікірін нақтылауға, дәлел іздеуге, болжамын тексеруге және басқа көзқарасты қарастыруға бағытталады.

Қарапайым мысал:
«Неге олай ойлайсың?» → «Қандай дәлелің бар?» → «Бұл әрқашан дұрыс па?» → «Басқа көзқарас болуы мүмкін бе?»

Пәндер: Тарих · Әдебиет · Тілдер · Құқық · Қоғамтану · Биология
Формат: 10–30 минут
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Сыни ойлау · Диалог · Дәлелдеу

Argumentation-Based Learning

Оқушы пікір мен дәлелдің айырмашылығын түсінеді, сенімді деректерді пайдаланады, қарсы пікірді қарастырады және өз қорытындысын негіздейді.

Қарапайым мысал:
«Бір рет қолданылатын пластикке тыйым салу керек пе?» Оқушы өз позициясын айтып, оны нақты деректермен дәлелдейді.

Пәндер: Тарих · Әдебиет · Тілдер · Биология · География · Қоғамтану
Формат: 15–45 минут
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Дәлелдеу · Сыни ойлау

Model-Based Learning

Модель физикалық, графикалық, математикалық немесе цифрлық болуы мүмкін. Оқушылар оны құбылысты түсіндіру, болжамды тексеру және нәтиже болжау үшін пайдаланады.

Қарапайым мысал:
Күн жүйесінің моделін жасап, планеталардың қозғалысын түсіндіру.

Пәндер: Математика · Физика · Химия · Биология · География · Информатика
Формат: сабақ / бірнеше сабақ
Күрделілік: Орташа
Мақсаты: Модельдеу · Ғылыми ойлау

Peer Instruction

Мұғалім тақырып бойынша ойландыратын сұрақ ұсынады. Оқушы алдымен жеке жауап береді, кейін өз жауабын жұбымен немесе топта талқылайды. Бір-біріне түсіндіру барысында қателерін байқап, жауабын қайта қарастырады.

Қарапайым мысал:

Мұғалім: «Неліктен жыл мезгілдері ауысады?» деген сұрақ қояды. Оқушылар алдымен жеке жауап береді, кейін жұппен жауаптарын салыстырып, бір-біріне түсіндіреді.

Пәндер: Математика · Физика · Химия · Биология · Тарих · Тілдер

Формат: 10–25 минут

Күрделілік: Жеңіл

Мақсаты: Түсіну · Талқылау · Бірлесіп оқу

Learning by Teaching

Оқушы тақырыпты зерттеп, негізгі ақпаратты іріктейді және оны басқаларға түсінікті түрде жеткізуге дайындалады. Басқаларға үйрету барысында оқушы өз біліміндегі олқылықтарды байқап, тақырыпты тереңірек меңгереді.

Қарапайым мысал:

Оқушыларға ағылшын тіліндегі шақтар бөлініп беріледі. Әр оқушы немесе топ өзіне берілген шақты зерттеп, мысалдар дайындап, кейін оны сыныптастарына түсіндіреді.

Пәндер: Тілдер · Тарих · Әдебиет · Биология · География · Математика

Формат: 20–45 минут

Күрделілік: Орташа

Мақсаты: Терең түсіну · Түсіндіру · Коммуникация