Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев кеше аспан асты елінің астанасына ресми сапармен аттанды. Бүгін ол алпауыт елдің сыртқы істер министрі Ван И мырзамен кездеседі. Расында, Қытай-Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 44 млрд долларға жуықтап, рекордтық көрсеткішке жетті. Кезекті жүздесу де осы берік экономикалық байланысты нығайтуға, өзара ынтымақтастықты арттыруға бағытталмақ.
Екеуара келіссөз жүргізетін нүкте Дяоюйтай мемлекеттік резиденциясы. Бұл – Қытайдың ең жоғары деңгейдегі дипломатиялық қабылдау кешені. 800 жылдық тарихы бар ғимараттың саяси салмағы Бейжіңдегі Үкімет үйі мен Ұлы халық жиналысы сарайымен тең дәрежеде. Мұнда Ричард Никсон бастаған АҚШ делегациясы, Ким Чен Ир, Хенри Киссинджер сияқты әлемдік көшбасшылар болған, сондай-ақ Солтүстік Корея бойынша Алты тарапты келіссөздер осы жерде өткен. Мамандардың топшылауына сүйенсек, әлемдегі екінші ірі экономикалық держава өкілдерімен өтетін келіссөздің зілі басым. Өйткені, бүгін қабылданған кесімдер еліміздің ішкі-сыртқы экономикасына жанама әсерін тигізуі мүмкін.
