Flipped Classroom әдісі: менің тәжірибем

10-сыныптағы ағылшын тілі сабағында Flipped Classroom (төңкерілген сынып) әдісін қолдандым. Сабақтың тақырыбы — “Prepositions of Movement”.

Сабаққа дейін оқушыларға тақырып бойынша қысқаша бейнематериал мен ереже берілді. Олар үйде into, out of, across, through, along, towards, past, over, under сияқты қозғалыс бағыттарын білдіретін предлогтардың қолданылуын өз бетімен қарап, мысалдар арқылы түсініп келді.

Ал сабақ уақытында жаңа ережені ұзақ түсіндіруге емес, оны тәжірибеде қолдануға басымдық бердік. Алдымен оқушылардың тақырыпты қаншалықты түсінгенін анықтау үшін қысқаша сұрақтар қойылып, мысалдар талданды. Одан кейін олар сурет бойынша сөйлем құрастырды, қозғалыс бағытын сипаттады және бос орындарға тиісті предлогтарды қойды. Жұптық жұмыста бір оқушы белгілі бір бағытты ағылшын тілінде түсіндірсе, екінші оқушы сол нұсқаулық бойынша әрекет етті. Топтық тапсырмада оқушылар карта арқылы кейіпкердің қозғалыс бағытын сипаттап, шағын әңгіме құрастырды.

Бұл әдістің ерекшелігі — оқушы жаңа ақпаратпен сабаққа дейін танысады, ал сыныптағы уақыт білімді қолдануға, талқылауға және практикалық тапсырмалар орындауға жұмсалады. Мұғалім негізгі ақпаратты жеткізуші емес, оқушыға бағыт беруші және қолдау көрсетуші рөлін атқарады.

Менің тәжірибемде Flipped Classroom әдісі сабақ уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Оқушылар тапсырмаларды белсенді орындап, бір-бірімен ағылшын тілінде қарым-қатынас жасауға тырысты. Үйде ережені алдын ала түсініп келгендіктен, олар практикалық жұмыстарға сенімді қатысты. Ал тақырыпты толық түсінбеген оқушыларға сабақ барысында жеке қолдау көрсетуге мүмкіндік болды.

Сабақ соңында оқушылар қозғалыс предлогтарын сөйлем ішінде дұрыс қолданып, адамның немесе заттың қозғалыс бағытын ағылшын тілінде сипаттай алды.

Мен үшін бұл тәжірибе Flipped Classroom әдісінің оқушының өздігінен білім алу дағдысын, жауапкершілігін және сабақтағы белсенділігін арттыратынын көрсетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *