
Шымкентте 12 жасар Әлтайыр Ерназаров жеті жыл ішінде 650-ден астам кітап оқыған. Ол кітап оқуды бес жасынан бастап жақсы көре бастаған. Қазір қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін оқиды. Сонымен қатар француз, неміс және түрік тілдерін үйреніп жүр.
Әлтайырдың кітапқа қызығушылығы «Minecraft» кітабынан басталған. Шытырман оқиғаларға толы бұл кітап оны кітап әлеміне жетелеп, жаңа шығармаларды үздіксіз оқуға ынталандырған. Оның айтуынша, кітап оқу – жаңа әлемге саяхат жасау сияқты әсер береді.
Бүгінде Әлтайыр көбіне электронды кітаптарды оқиды және жеке жинағында 500-ге жуық кітап бар. Кітапханадан да жиі кітап алып, бірнеше күннің ішінде оқып бітіреді. Сыныптастарының айтуынша, ол 15 минуттық үзіліс кезінде 30 бетке дейін оқып үлгереді.
Әлтайыр үшін кітап оқу – күнделікті әдетке айналған. Ол күн сайын кемінде бір сағатын кітапқа арнайды және сапарға шыққанда да кітаптарын бірге алып жүреді. Сонымен қатар спортпен айналысып, фехтование мен жүзуге қатысады.