Ыстанбұлдағы ең ірі кітапханалардың бірі – Рами кітапханасында алғаш рет «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышы» ашылды. Осыған орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасы түркиялық әріптестеріне жүздеген кітап тарту етті.

Жаңадан ашылған бұрышқа ғылыми кітапхана қорынан қазақтың классик жазушыларының шығармалары және түрлі жанрдағы ғылыми-әдеби кітаптар қойылды. Жалпы саны 200-ге жуық кітап қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне арналған.

XVIII ғасырда салынған Рами кешені Осман империясы кезеңінде әскери гарнизон ретінде пайдаланылған. Кейін қайта жөндеуден өтіп, үш жыл бұрын заманауи кітапхана ретінде оқырмандарға есігін ашты. Қазіргі таңда бұл білім ордасы аптасына жеті күн, тәулік бойы қызмет көрсетеді және қазақстандық кітапханалармен тығыз байланыс орнатқан.

«Бұл – қазақ және түрік елдерінің достық ынтымақтастығы негізінде ашылған қазақ бұрышы. Біз Ғылым ордасының орталық кітапханасынан, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институты мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет институтының қорынан жиналған кітаптарды әкелдік», – деді «Ғылым ордасы» РМК директоры Ұлар Мұқажанов.

Рами кітапханасының директоры Әли Челиктің айтуынша, Қазақстаннан жеткізілген кітаптар екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы байланысты одан әрі нығайта түседі. Сонымен қатар Ыстанбұлда тұратын 15 мыңнан астам қазақ диаспорасы үшін де бұл кітаптар маңызды рухани ресурс болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *